2024 жылдың 17-21 қазан аралығында Ректор Имандосова М.Б., Провост Сабденалиев Б.А., Жалпы құрылыс факультетінің деканы Молдамуратов Ж.Н. және ҚазБСҚА колледжінің директоры Мамырбеков Е.М. құрамында болған Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА) делегациясы Пекин және Тяньцзинь қалаларына (ҚХР) сапар жасап, «Belt and Road Architectural University International Consortium» (BRAUIC) сәулет және құрылыс жоғары оқу орындары халықаралық консорциумының форумына қатысты.
2017 жылы құрылған «Belt and Road Architectural University International Consortium» сәулет және құрылыс жоғары оқу орындары консорциумы халықаралық мүшелер қатарын кеңейтуде. Жиын барысында консорциум құрамына жеті жаңа мүше қабылданды, оның ішінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы да бар. Сондай-ақ, жаңа қатысушылармен консорциумның логотипі жаңартылды, ол «Бір белдеу, бір жол» елдерінің байланысының символы болып, ынтымақтастық пен мәдени алмасудың маңыздылығын көрсетті.
ҚазБСҚА әлемнің 30 елінен 91 университетті біріктіретін «Belt and Road Architectural University International Consortium» (BRAUIC) сәулет және құрылыс жоғары оқу орындары консорциумына кірді. Жиналыста консорциум өкілдері ҚазБСҚА-ның 2025 жылы Консорциум конференциясының төрағасы болатынына бір ауыздан келісті. Ресми BRAUIC-тың туын тапсыру рәсімінде ХБК (ҚазБСҚА) Ректоры Имандосова Маргарита Булатовна барша консорциум мүшелерін 2025 жылы Қазақстанға шақырып, ынтымақтастыққа деген сенімін білдірді.
Халықаралық сәулет және құрылыс университеттер консорциумына кіру Халықаралық білім беру корпорациясына (ҚазБСҚА) консорциум құрамындағы оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА) халықаралық консорциумға қосылған Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны болып табылады және 2025 жылы Қазақстан аумағында осындай ауқымды форумды алғаш рет өткізеді. Бұл шара ҚазБСҚА-ның халықаралық байланыстарын нығайтып қана қоймай, Қазақстанның сәулет және құрылыс саласындағы білім беру саласында жаһандық диалог жүргізуге арналған маңызды алаң ретіндегі мәртебесін арттырады.