ХБК делегациясы Қытайға сапары барысында халықаралық байланыстарды нығайтты

2024 жылдың 17-21 қазан аралығында Халықаралық білім беру корпорациясының (ҚазБСҚА) делегациясы құрамында ректор Имандосова М.Б., провост Сабденалиев Б.А., жалпы құрылыс факультетінің Деканы Молдамуратов Ж.Н. және ҚазБСҚА колледжінің директоры Мамырбеков Е.М. Қытай Халық Республикасына, атап айтқанда Пекин және Тяньцзинь қалаларына сапар жасады.

Іс-сапар барысында делегация Beijing University of Civil Engineering and Architecture (BUCEA) және Tianjin Chengjian University (TCU) оқу орындарында болды. Beijing University of Civil Engineering and Architecture университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

BRAUIC форумы аясында Қытай, Малайзия, Сингапур және Еуропалық Одақ елдерінің жетекші университеттерінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізілді. Академиялық байланыстарды кеңейту және ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, 12 елден 40-тан астам университеттер мен компаниялардың өкілдері, 100-ден астам консорциум мүшелері, сарапшылар, ғалымдар және кәсіпкерлер «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Халықаралық сәулет және құрылыс білім беру бағдарламалары бар университеттер консорциумының дамуын талқылады. Форумның биылғы тақырыбы болып – «Бірлесе өркендеу жолын құрамыз, ортақ болашақты қалыптастырамыз» белгіленді, мақсаты – сәулет білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту, инновациялық білім беру бағдарламаларын дамыту және жаһандану жағдайында тұрақты даму үшін кадрларды даярлау болды.

Іс-шара аясында консорциумның дайындық отырысы, 2024 жылғы ресми отырысы және Ректорлар форумы өтті, онда сәулет және құрылыс жоғары оқу орындарының білім беру саласындағы мүмкіндіктері мен сын-қатерлері ғаламдық өзгерістер жағдайында талқыланды. Шара барысында мәдени мұраны қорғау, жасыл қалалар мен тұрақты даму, қалаларды жаңарту және жасанды интеллект тақырыптарына арналған төрт тақырыптық параллель сессия өтті.

Маңызды шешімдердің бірі – консорциум аясында бес мамандандырылған комитеттің құрылуы болды: қалалық жоспарлау және сәулет жобалау, азаматтық құрылыс және ақылды технологиялар, ресурстар және жаңартылатын энергия көздері, ақылды қалалар мен көлік, сондай-ақ робототехника және жасанды интеллект. Бұл комитеттер консорциум мүшелері арасында тереңірек және мамандандырылған ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Аталмыш сапар ХБК үшін әлемнің жетекші сәулет және құрылыс жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, корпорацияның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға ықпал етті.