2025 жылдың 16 сәуірінде Халықаралық Білім беру Корпорациясы (KazGASA) «Made in Italy» халықаралық күнін атап өту аясында Италиядан келген ресми делегацияны қабылдады. Сапардың мақсаты — академиялық және өндірістік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қонақ дәріс пен институционалдық кездесу өткізу болды.

Іс-шараны Алматыдағы Италия мәдениет институты (IIC), Қазақстандағы Италияның Сауда агенттігі (ITA), керамикалық және жасанды тас жабындарының әлемдік жетекші өндірушілерінің бірі Gruppo Fiandre компаниясы және ХБК-ның сәулет факультетінің профессоры Джангабриеле Фини бірлесіп ұйымдастырды.

Басты дәрісті Милан мемлекеттік университетінің профессоры, философия докторы Клаудия Бьянки оқыды. Ол өз баяндамасында тұрақты жобалау және инновациялық материалдарды сәулет тәжірибесіне енгізу мәселелерін талқылады. Әсіресе, қоғамдық және тұрғын кеңістіктердегі санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту және ластануды азайту қасиеттері бар жаңа буын материалы — Active Surfaces технологиясын таныстырды.

Сонымен қатар, Италияның Сауда агенттігінің директоры доктор Мартино Кастеллани қысқаша презентация жасап, брендтеу тек өнімге ғана емес, сонымен бірге елдің білім беру, ғылым және мәдениет жүйелеріне де маңызды екенін атап өтті. Ол «Made in Italy» бренді аясында табысты жүзеге асқан бастамалар туралы мысалдар келтірді.

Сапар аясында ХБК ректоры Маргарита Булатовна Имандосовамен ресми кездесу өтті. Кездесу барысында Италия мәдениет институтының директоры доктор Эдоардо Крисафуллидің қолдауымен Халықаралық Білім беру Корпорациясы, Милан мемлекеттік университеті және Fiandre компаниясы арасында стратегиялық келісім жасасу мәселесі талқыланды. Аталған келісім аясында ХБК базасында Орталық Азия елдеріне арналған тұрақты құрылыс материалдарын зерттеу, әзірлеу және сертификаттау бойынша бірлескен зертхана ашу жоспарлануда.