Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) базасында ALCOR BIMDAY 2025 IX Халықаралық конференциясы өтті. Бұл — сәулет, құрылыс және өнеркәсіптік жобалау саласындағы цифрлық технологияларға арналған ірі кәсіби алаң.

22 мамырда ALCOR компаниясынан Ескендер Турмагамбетов жүргізген «Smart 3D (SmartPlant 3D): пәнаралық жобалау ортасы» тақырыбындағы оқыту тренингі ұйымдастырылды. Қатысушылар өнеркәсіптік жобалауға арналған кешенді цифрлық платформаның мүмкіндіктерімен танысты.

23 мамырда конференцияның ресми ашылуы өтті. Қатысушыларға ХБК ректоры Имандосова Маргарита Булатовна және провост Сабденалиев Бахтияр Асылбаевич құттықтау сөз сөйледі. Конференция BIM, цифрлық егіздер және интеллектуалды жобалау саласындағы заманауи шешімдерді талқылау үшін халықаралық және отандық сарапшыларды, инженерлерді, сәулетшілерді және бизнес өкілдерін біріктірді.

Конференцияның негізгі бағдарламасы екі бағытты қамтыды:

  1. Өнеркәсіп саласындағы цифрлық трансформация:
    – цифрлық егіздер мен болжамды аналитика,
    – инженерлік деректерді басқару және жағдайлық орталықтар,
    – 2D-дан 3D-ға көшу және құрылыс шығындарын азайту,
    – Siemens, Trimble, Bentley және басқа серіктестердің шешімдері.
  2. Қалалар мен құрылыс саласын цифрландыру:
    – BI Group және қазақстандық жобалау компанияларындағы BIM-тәжірибе,
    – қалалық цифрлық егіздер және орнықты даму,
    – eQalau.kz – құрылыс барысын цифрлық бақылауға арналған платформа.

ALCOR BIMDAY 2025 Халықаралық білім беру корпорациясының білім беру, жобалау және құрылыс саласындағы цифрлық шешімдерді ілгерілету бойынша жетекші алаң ретінде мәртебесін тағы бір мәрте растады.