2025 жылғы 23 мамырда IX Халықаралық ALCOR BIMDAY 2025 конференциясы аясында Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA), «Алкор» ЖШС, сондай-ақ халықаралық серіктестер — Bentley Systems International Limited (Ирландия) және TRIMBLE EUROPE B.V. (Нидерланды) арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға салтанатты түрде қол қойылды.
Қазақстан тарапынан құжаттарға ХБК ректоры Маргарита Булатовна Имандосова мен «Алкор» ЖШС директоры Арман Қайратұлы Қабиев қол қойды. Шетелдік серіктестер атынан келісімдерге Bentley Systems компаниясының серіктестермен жұмыс жөніндегі менеджері Стефан Мелтцер (Stefan Meltzer) және TRIMBLE компаниясының жаһандық сату жөніндегі аға менеджері Ричард Маршалл (Richard Marshall) қатысты.
Қол қойылған меморандумдар оқу процесіне озық цифрлық шешімдерді енгізуге, оқытушылардың біліктілігін арттыруға және студенттердің тәжірибелік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірлескен білім беру және ғылыми-техникалық бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.
Bentley мен TRIMBLE сияқты халықаралық көшбасшылармен ынтымақтастық заманауи инженерлік және жобалық платформаларға қол жеткізуге жол ашып, сәулет, құрылыс, геоақпараттық жүйелер мен инженерия салаларында мамандарды даярлауда инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Алматы қаласы, Бостандық ауданы, 050043, Рысқұлбеков көшесі, 28
Copyright © 2024