2025 жылғы 16 мамырда Халықаралық білім беру корпорациясына (KazGASA) Ұлыбритания мен Еуропаның тоғыз жетекші университетінің делегациясы «Central Asia 2025» халықаралық академиялық миссия аясында сапармен келді. Іс-шара Cormack Consultancy Group пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Делегация құрамына келесі жоғары оқу орындарының өкілдері кірді: Aston University (Ұлыбритания), Bangor University (Ұлыбритания), Robert Gordon University (Ұлыбритания), University of Hull (Ұлыбритания), University of Salford (Ұлыбритания), Birkbeck, University of London, Бернайс университеті (Хорватия), Ньютон университеті (Чехия), Көлік және байланыс институты (Латвия).

Сапар аясында ХБК басшылығымен ресми кездесу өтті. Кездесу барысында мамандарды бірлесіп даярлау, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру және халықаралық ғылыми жобалар аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар, докторантураны қолдау және ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Cormack Consultancy Group компаниясының CEE+ директоры Гинтарас Степонавичюс PhD бағдарламаларын әзірлеу барысында шетелдік сарапшылардың қатысуының маңыздылығын атап өтіп, ХБК-мен стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Аталған сапар Халықаралық білім беру корпорациясының академиялық байланыстарын кеңейту жолындағы маңызды кезеңге айналып, оқу орнының еуропалық білім кеңістігіне интеграциялануына жаңа серпін берді.