2025 жылғы 16 мамырда Халықаралық білім беру корпорациясына (KazGASA) Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Russell Group зерттеу университеттері қауымдастығына мүше Эксетер университетінің (University of Exeter) делегациясы ресми сапармен келді.

Делегация құрамында:

  • Профессор Стюарт Берхоп (Stuart Bearhop) — ғаламдық мәселелер жөніндегі проректордың орынбасары;
  • Рейчел Джонс (Rachel Jones) — Қоршаған орта, ғылым және экономика факультетінің жаһандық серіктестік бөлімінің басшысы болды.

Сапар аясында қонақтар ХБК-ның инфрақұрылымымен танысып, жаңартылған оқу корпусын, музейді, заманауи зертханаларды және лекциялық аудиторияларды аралады. Эксетер университеті өкілдері мен ХБК басшылығы арасында кездесу өтті. Кездесу барысында өңірдегі ғылым мен білім беруді дамыту бағыттары және халықаралық серіктестерді индустриялық және білім беру жобаларына тарту мүмкіндіктері талқыланды.

Британ тарапы бизнес, ақпараттық технологиялар және тау-кен ісі бағыттары бойынша ынтымақтастық орнатуға және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосуға мүдделілік танытты.

Кездесу аясында студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, қос дипломды бағдарламалар әзірлеу, тағылымдамалар ұйымдастыру және филиал ашу перспективалары талқыланды.

Аталған сапар ХБК-ның халықаралық ынтымақтастығын кеңейту жолындағы маңызды қадамға айналып, университеттің жаһандық академиялық қауымдастыққа интеграциялануына жаңа мүмкіндіктер ашты.