2025 жылғы 8-9 шілде күндері Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) агротехникалық білім беру саласындағы Нидерланды Корольдігінің жетекші оқу орны — Aeres Group делегациясының және Verum Agro компаниясының бас директорының ресми сапары өтті. Сапар Қазақстан Республикасындағы аграрлық білім беруді дамыту және халықаралық академиялық әріптестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Делегация құрамында Aeres Group бас директоры Риен Комен, Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Ари Вельдхёйзен, сондай-ақ Aeres тобының өкілдері Ард Сонневельд пен Теус Коревеер болды. Дөңгелек үстел модераторы ретінде ХБК атынан Рональд Вогдт сөз сөйледі.

8 шілде күні делегация мүшелері оқу ордасының инфрақұрылымымен танысып, жаңғыртылған оқу корпусы, мамандандырылған зертханалар мен дәрісханалар бойынша экскурсияға қатысты. Онда ХБК-дағы білім беру бағдарламалары мен техникалық мүмкіндіктер таныстырылды.

9 шілде күні Халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ХБК Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Айгазы Амирланович Кусаинов, Aeres Group басшылығы және Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторының жетекші компанияларының өкілдері қатысты. Кездесудің басты тақырыбы — агросектордың орнықты дамуы, кадр даярлау және заманауи білім беру модельдерін интеграциялау болды.

Тараптар саланың басты сын-қатерлерін, білікті мамандардың жетіспеушілігін және практикалық стажировкалардың маңыздылығын, сонымен қатар экстенсивті өндіріс моделінің басым болуын талқылады. Әсіресе, жаңа буын мамандарын даярлауға қабілетті халықаралық агротехникалық колледж құру бастамасына ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Халықаралық білім беру корпорациясы мен Aeres Group арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум агробілім беру саласындағы стратегиялық әріптестікті, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, тәжірибе алмасуды және аграрлық сала мамандарын даярлау үдерісіне халықаралық сарапшылардың қатысуын көздейді.