2024 жылғы 3-13 қараша аралығында Халықаралық білім беру корпорациясының Сәулет факультетінің оқытушылары Польша мен Италияға сапар жасады. Сапар AP19680138 гранттық жобасы аясында зерттеу тақырыбы бойынша материалдар жинау, мәдени мұраны сақтау тәжірибесін зерделеу және қазіргі заманғы сәулет өнерімен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Делегация құрамына Абдрасилова Гульнара Сейдахметовна, PhD, профессор-зерттеуші және бас ғылыми қызметкер, Данибекова Эльвира Темиргалиевна, PhD, қауымдастырылған профессор және жобаның ғылыми жетекшісі, сондай-ақ Туякаева Айнагуль Кайрбаевна, сәулет кандидаты, қауымдастырылған профессор енді.
6 қараша күні делегация Польшадағы Ченстохова қаласындағы Ченстохова политехникалық университетінде өткен «Materials, structures, technologies and management in civil and environmental engineering» халықаралық конференциясына қатысты. «The architecture of underground mosques in Western Kazakhstan» тақырыбындағы баяндама тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Конференцияға қатысушылар Қазақстанның тарихы, мәдениеті, құрылыс дәстүрлері мен сәулеттік ерекшеліктеріне қатысты көптеген сұрақтар қойды.
13 қараша күні делегация Италияның Флоренция қаласында өткен «The World in Florence» халықаралық фестивалі аясында «Underground mosques of Kazakhstan as monuments of cultural heritage» тақырыбындағы баяндамасымен сөз сөйледі. Баяндама үлкен қызығушылық тудырып, конференция қазылар алқасының шешімімен «TWIF2024 Most Voted Itinerary» дипломымен марапатталды.
Фестиваль аясында Ромуальдо дель Бианко қорына ХБК сәулет факультеті оқытушыларының шығармашылық жұмыстары сыйға берілді. Бұл жұмыстар көрмеде көрсетіліп, Coppini мұражайының тұрақты коллекциясына енді.