Избасар Маян Рахымжанқызының жарқын бейнесіне арналады

2025 жылғы 2 ақпанда Қазақстанның алғашқы әйел сәулетшілерінің бірі, өз өмірін қала құрылысына, ұстаздыққа және сәулет білімін дамытуға арнаған Избасар Маян Рахымжанқызы өмірден өтті.

1959 жылы Ленинград инженерлік-құрылыс институтын бітіргеннен кейін, кәсіби қызметін «Казгорстройпроект» мемлекеттік қала құрылысы жобалау институтында және ҚарГРЭС құрылысында бастады. 1961 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының (В.В. Куйбышев атындағы) аспирантурасына түсіп, оны 1965 жылы аяқтаған соң, өмірін ұстаздық қызметке арнады.

1980-1996 жылдар аралығында Маян Рахымжанқызы АСҚИ  ҚазБСҚА-ның «Қала құрылысы» кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарды, ал 1996 жылдан бастап осы кафедрада доцент лауазымын иеленді. 2004 жылы оған ҚазБСҚА-ның Құрметті профессоры атағы берілді.

Көп жылдық қызметі барысында ол Қазақстан сәулет ғылымы мен білімінің дамуына зор үлес қосты. 100-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы ретінде ол зерттеушілік жұмыстармен қатар, жаңа буын сәулетшілерін тәрбиелеумен де айналысты. Оның жетекшілігімен көптеген Халық сәулетшілері, Қазақстанның еңбек сіңірген және құрметті сәулетшілері тәрбиеленіп шықты, олар бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы сәулет және қала құрылысы құрылымдарын басқарып отыр.

Маян Рахымжанқызы Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының, Қазақстан Республикасы Қала құрылысшылары одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті сәулетшісі болды. 2013 жылы сәулет кадрларын даярлауға қосқан зор үлесі үшін Т.К. Басенов атындағы медальмен марапатталды.

Көп жылдар бойы қала құрылысы бойынша негізгі пәндерді оқытып, дипломдық жобаларды басқарды және студенттерге өз ісіне деген сүйіспеншілігімен үлгі бола білді. Оның білімі, тәлімгерлігі және кәсібіне деген адалдығы шәкірттерінің жүрегінде өшпес із қалдырды.

Халықаралық білім беру корпорациясының (ҚазБСҚА) ұжымы Маян Рахымжанқызының туған-туыстарына, әріптестеріне және шәкірттеріне шын жүректен көңіл айтады.
Оның еңбегі, сәулет өнеріне деген сүйіспеншілігі және адамгершілігі сәулет қауымдастығының жадында мәңгі сақталып, болашақ ұрпаққа шабыт сыйлайтын болады.