
2024 жылғы 21 ақпанда Халықаралық білім беру корпорациясына (ҚазБСҚА) заманауи сәулет өнерінің жетекші жаңашылдарының бірі, Zaha Hadid Architects (ZHA) компаниясының басшысы және бас сәулетшісі Патрик Шумахер келді. Сапар аясында танымал сәулетші қайта жаңғыртудан өткен ҚазБСҚА ғимаратымен, digital-музейімен және мамандандырылған зертханаларымен танысты.
Патрик Шумахер – цифрлық технологиялар мен алгоритмдік жобалауға негізделген сәулет бағыттарының бірі параметризмнің негізін қалаушы. Оның басшылығымен ZHA Бакудегі Гейдар Әлиев орталығы, Лондондағы Олимпиадалық су спорты орталығы, Бейжіңдегі Дасин халықаралық әуежайы сынды бірқатар әлемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асырды.
Сапардың маңызды бөлігі сәулетшілер мен дизайнерлерге, ҚазБСҚА серіктестеріне, оқытушылар мен студенттерге арналған қонақ дәрісі болды. Бұл Патрик Шумахердің Қазақстандағы алғашқы баяндамасы болып, жаһандық деңгейдегі озық сәулет идеяларымен танысуға бірегей мүмкіндік ұсынды.
Дәріс барысында сарапшы XXI ғасыр сәулетінің негізгі үрдістері, жобалаудың инновациялық әдістері және қала құрылысына жасанды интеллектті енгізу тақырыптарын қозғады. Қатысушылар ZHA-ның үздік жобаларымен танысып, сәулеттің цифрлық трансформациясын талқылап, әлемдік деңгейдегі жетекші сәулетшіге сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды.
Дәрістен кейін Патрик Шумахер журналистердің сұрақтарына жауап берген баспасөз конференциясы өтті. Кездесу барысында Алматы қаласының экологиялық мәселелері, қала құрылысының даму перспективалары және сәулет трендтері талқыланды. Ол өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстандағы сәулет жобаларын дамыту бойынша ұсыныстарын айтып, Алатау қаласының жобасына ерекше тоқталды. Сәулетші өңірдің жоғары әлеуетін атап өтіп, болашақта Қазақстанда Zaha Hadid Architects жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын жеткізді.
Патрик Шумахердің сапары Қазақстанның академиялық және кәсіби сәулет қауымдастығы үшін маңызды оқиғаға айналып, әріптестік пен білім алмасудың жаңа көкжиектерін ашты.