Халықаралық білім корпорациясы мен University for the Creative Arts өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

 

2025 жылғы 20 ақпанда Халықаралық білім корпорациясы (ҚазБСҚА) мен University for the Creative Arts (UCA) UK Future Places форумының аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы білім беру байланыстарын нығайтудағы маңызды кезең болмақ.

UCA – өнер, дизайн және креативті индустриялар саласындағы Ұлыбританияның жетекші мамандандырылған университеттерінің бірі. Ол осы серіктестік аясында инновациялық білім беру әдістері мен технологияларын енгізетін болады. Кентербери, Эпсом, Фарнхэм және Maidstone TV Studios кампустары бар UCA ХБК (ҚазБСҚА) студенттеріне академиялық алмасу бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ, UCA-ның заманауи VR зертханаларына, анимация студияларына және 3D дизайн кешендеріне қолжетімділік қазақстандық студенттерге жаңа технологияларды игеруге және оларды креативті индустрияға енгізуге мүмкіндік береді.

Осы серіктестік аясында UCA ХБК-да (ҚазБСҚА) франшизалық білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ол бес халықаралық деңгейде мойындалған бакалавриат бағдарламасын ұсынады: Өнеркәсіптік дизайн, Интерьер дизайны, Бизнес және менеджмент, Цифрлық маркетинг және әлеуметтік медиа, сондай-ақ Графикалық дизайн. Жақында UCA Академиялық серіктестік комитеті бұл жобаны қарастырды, және қазіргі уақытта серіктестік келесі кезеңге – валидация процесіне өтуде. Бұл кезеңде UCA академиялық комиссиясы мен сыртқы сарапшы бағдарламаның барлық егжей-тегжейін пысықтап, оны UCA-ның академиялық стандарттарына сәйкестігін тексереді.

Қол қойылған меморандум студенттерге креативті индустриялар саласында озық білім алу мүмкіндігін ашып, білім беру саласындағы халықаралық серіктестікті нығайтуға жол ашады.