ҚР Ғылым және жоғары білім Министрі Саясат Нұрбек Халықаралық білім беру корпорациясына келді

2025 жылдың 31 қаңтарында ҚР Ғылым және жоғары білім Министрі Саясат Нұрбек Халықаралық білім беру корпорациясына (ҚазБСҚА) жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Министр ХБК (ҚазБСҚА) стратегиялық даму жоспарымен танысты. Атап айтқанда, корпорация аумағында бой көтеретін Academic City инновациялық білім беру кешені туралы ақпарат берілді. Бұл жоба заманауи білім беру және ғылыми ортаны қалыптастыратын бірегей экожүйе ретінде қарастырылып, жатақханалар, коливингтер, коворкингтер, конгресс-орталық және басқа да кеңістіктерді қамтиды.

Саясат Нұрбек корпорацияның инфрақұрылымымен танысып, жаңа оқу корпусын, заманауи зертханалық кешенді, тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ЮНЕСКО кафедрасын, сондай-ақ онлайн-курстар мен цифрлық білім беру контентін әзірлеуге арналған видеостудияны аралады.

Министр ерекше назарын креативті индустриялар мен жұмысшы мамандықтары бойынша микроквалификация бағдарламаларын дамытуға аударды. Ол ХБК (ҚазБСҚА) бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарғанын атап өтіп, білім беруді еңбек нарығына бейімдеудің маңыздылығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, студенттер тек іргелі білім ғана емес, сонымен қатар түрлі салаларда сұранысқа ие практикалық дағдыларды да меңгеруі қажет.

Сапар соңында Саясат Нұрбек ХБК (ҚазБСҚА) оқытушылары мен студенттері алдында екі сағаттық дәріс оқыды. Ол жасанды интеллект саласында мамандар даярлаудың өзектілігін атап өтіп, цифрлық трансформация дәуірінде жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын кадрлардың қажеттілігі туралы айтты. Министрдің пікірінше, білім беру мен ғылымда жасанды интеллект технологияларын дамыту студенттердің даярлық сапасын арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларға жаңа мүмкіндіктер ашады.