Халықаралық білім беру корпорациясының құрылу тарихы

АСҚИ

Университеттің тарихы 1957 жылдан басталады. Сол жылы Қазақ политехникалық институтында «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығына алғашқы студенттер қабылданды. 1961 жылы «Сәулет» мамандығы бойынша қабылдау жүзеге асырылып, құрылыс, сәулет және санитарлық-техникалық факультеттер құрылды. 1980 жылы осы факультеттер мен Бүкілодақтық сырттай инженерлік-құрылыс институтының Алматы филиалының негізінде Алматы сәулет-құрылыс институты (АСҚИ) ашылды. АСҚИ-дің алғашқы ректоры техникалық ғылымдар докторы, тәжірибелі ұйымдастырушы, ірі құрылысшы Серікпек Мұқашұлы Байболов болды.
1987 жылы АСҚИ ректоры болып Павел Александрович Атрушкевич тағайындалды. Оның басшылығымен 1991 жылы институт Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі болып аттестациядан өтіп, аккредитацияланды. 1992 жылы АСҚИ Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы (ҚазМСҚА) болып қайта құрылды.

ҚазБСҚА

2000 жылы ректор болып техникалық ғылымдар докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті мүшесі, Америкалық инженерлер мен құрылысшылар қоғамының мүшесі, Топырақ механикасы, іргетастар мен негіздер бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшесі, ҚР Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Ресей сәулет және құрылыс ғылымдары академиясының шетелдік академигі Әмірлан Айдарбекұлы Құсаинов тағайындалды. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА) болып өзгертілді.

ҚазБСҚА – Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орны, Орталық Азия аймағындағы танымал ғылыми және білім беру орталығы. Ол кредит жүйесін енгізудің барлық кезеңдерінен алғашқылардың бірі болып өтті. Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарының ішінде алғашқы болып Қамқоршылар кеңесі, Тапсырыс берушілер кеңесі, мамандықтар бойынша сараптамалық комиссиялар, Эдукология зертханасы, Сәулет-құрылыс мамандықтары түлектерінің қауымдастығы (СҚМТҚ) құрылды.

АСҚИ-ҚазБСҚА – Қазақстандағы сәулет және құрылыс саласындағы алғашқы мамандандырылған жоғары оқу орны. Ол осы уақытқа дейін елдегі білім беру бағдарламаларын дамытуда әдістемелік орталық ретінде маңызды рөл атқаруда.

2007 жылы ЮНЕСКО-МСА комиссиясынан «Сәулет» мамандығы бойынша халықаралық аккредитациядан өтті (2011 жылы қайта расталды). 2009 жылдан бастап ҚазБСҚА-ның ұйымдастыруымен Еуразия сәулет-құрылыс жоғары оқу орындарының халықаралық фестивалі тұрақты түрде өткізіліп келеді.

ҚАУ

Қазақ-Америка университеті (ҚАУ) американдық және қазақстандық жоғары оқу орындарының бағдарламалары негізінде, оқу процесін ағылшын тілінде жүргізу мақсатында құрылды. Университеттің негізін қалаушы – Әмірлан Айдарбекұлы Құсаинов. ҚАУ 1997 жылы 12 қыркүйекте ашылды. Бұл университет кеңестік және американдық білім беру жүйелерінің үздік дәстүрлерін біріктірген бірегей оқу орны болды.
ҚАУ-да кредиттік жүйенің элементтері алғаш қолданылды. Университеттің тәжірибесі 2005 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген кредиттік жүйесі бойынша ережелерді әзірлеуде ескерілді. ҚАУ студенттердің үлгерімі мен тәртібі туралы ата-аналарға арналған «comments» атты айлық есептерді енгізген Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны болды. Сонымен қатар, оқытушылардың жұмыс сапасын бағалау мақсатында студенттерден «Feedback» сауалнамасы жүргізілді.
1997 жылдан бастап университет келесі инновацияларды енгізді: білім беру мен білімді бақылау жүйесінің бөлінуі; көпбалдық әріптік бағалау жүйесі; жалақы төлеудің инновациялық жүйесі; hand-outs (белсенді таратылатын оқу материалдары); үштілділік тұжырымдамасы; кешенді тілдік білімді бағалау критерийлері; үштілді глоссарий; дипломдық жұмыстарды ағылшын тілінде қорғау.

ХБК

Халықаралық білім беру корпорациясы 2007 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА, құрылған жылы – 1980 ж.) және Қазақ-Америка университеті (ҚАУ, құрылған жылы – 1997 ж.) негізінде құрылды. ХБК – біртұтас оқу-ғылыми-өндірістік кешен ретінде қалыптасты. 2009 жылы Алматы қаласы Әділет департаментінде акционерлік қоғам ретінде тіркелді. 2014 жылы ХБК 5 жыл мерзімге білім беру қызметін жүргізу құқығына мемлекеттік аттестациядан өтті. 2015 жылы ол Қазақстандық білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік (ҚБСҚЖТА) тарапынан институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан өтті.
2017 жылы ҚАУ-дың құрылғанына 20 жыл, Дизайн факультетінің ашылғанына 25 жыл толды. 2018 жылы ХБК базасында ҚР БҒМ жанындағы республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің (РОӘБ) 30 жылдығы аталып өтті. 2019 жылы «Атамекен» ҰКП жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары рейтингі бойынша ХБК 8 мамандық бойынша жетекші орындарға ие болды.

Бүгінде ХБК:

Басты артықшылықтары мен жетістіктері:

  • 11 бағыт бойынша бакалавриат (39 бағдарлама), 3 бағыт бойынша магистратура (16 бағдарлама), 3 бағыт бойынша докторантура (6 бағдарлама) дайындайтын көпсалалы университет;
  • Қазақстандағы сәулет, құрылыс және дизайн саласындағы ең ірі мамандандырылған жоғары оқу орны;
  • Американдық университеттердің курстарын қамтитын білім беру бағдарламалары бар;
  • Ағылшын тілінде білім береді;
  • ЮНЕСКО-МСА комиссиясында аккредитациядан өткен әлемдегі алғашқы жоғары оқу орны;
  • Білікті профессор-оқытушылар құрамы бар;
  • PhD диссертацияларын қорғау бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істейді.

Заманауи инфрақұрылым:

ХБК қазіргі заманғы санитарлық талаптарға және мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес келетін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Оның құрамына: бас оқу корпусы (БОК); бас әкімшілік корпус (БӘК); спорттық-сауықтыру кешені (ССК); әскери кафедра (ӘК); студенттер үйі (жатақхана) кіреді.