2025 жылдың 3-4 маусымы аралығында Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) базасында Қытай Халық Республикасынан келген SHERAN Soft Design Education дизайн мектебінің халықаралық семинары өтті. Қазақстанға алғаш рет аты әлемге танымал дизайнер, педагог, мектептің негізін қалаушы — Ву Юнься (Селина Ву) ресми сапармен келді.

Семинар кәсіби дизайнерлерге, сондай-ақ бейіндік жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына арналды. Қытайлық сарапшы түстер психологиясы мен оның дизайнды қабылдауға әсері, дизайнер мен клиент арасындағы эмоционалдық өзара әрекеттестік, тұрақты дизайн және жаһандық трендтер, маркетингтік стратегиялар және дизайн арқылы сату тәжірибесі тақырыптарында бірқатар дәрістер өткізді.

Семинар аясында оқытушылар мен оқу бөлімдерінің басшыларымен кездесу өтті. Кездесу барысында дизайн-білім беру саласын дамыту, академиялық серіктестік пен бірлескен бағдарламаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Іс-шара қорытындысы бойынша ХБК ректоры Имандосова Маргарита Булатовна мен SHERAN Education мектебінің жетекшісі Ву Юнься ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ХБК (KazGASA) оқытушыларына 2026 жылдың наурыз айында Қытайда өтетін Азиядағы ең ірі дизайн көрмесі — CIFM / Interzum Guangzhou көрмесіне ресми шақыру табысталды. Сондай-ақ студенттермен алмасу бағдарламалары мен бірлескен білім беру бастамалары талқыланды.