2025 жылғы 8–9 сәуір күндері Халықаралық білім беру корпорациясында «Пи-Навигатор: ғылым әлемін ашуға жол» атты Интеллектуалдық олимпиада-байқауының финалы өтті. Бұл байқау 14 наурызда – Халықаралық Пи саны күні басталып, Ғылым онкүндігі аясында аяқталды. Осы кезеңде «Тұрақты болашақ үшін білімді көбейте отырып» атты олимпиада және «ЭкоПи: болашақтың интеллектуалдық шақыруы» атты байқау ұйымдастырылды. Бұл ауқымды іс-шара білім, ғылым, технология және инженерлік ойлауды біріктіруді мақсат етеді.

2025 жылы дәстүрлі байқаудың басты жаңалығы – байқау форматының кеңейтіліп, алғаш рет республикалық деңгейге шығарылуы болды. Сонымен қатар төрт пән бойынша (математика, физика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және экология) жеке олимпиада өткізілді. Негізгі тақырып – қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандарды даярлау болғандықтан, пәнаралық тапсырмаларға ерекше назар аударылды.

Іс-шараның тағы бір ерекшелігі – қазылар алқасына экологиялық ғылымдар саласындағы сарапшылардың қосылуы. Онлайн-іріктеуге Қазақстанның 16 ЖОО-нан 30 команда және 500-ге жуық бірінші курс студенттері қатысты. Олардың ішінде 140 студент келесі кезеңге өтті. Байқауға басқа қалалардан келген және мүмкіндігі шектеулі қатысушылар да болды, бұл олимпиаданың инклюзивті сипатын көрсетеді. Нәтижесінде 12 үздік команда финалға жолдама алды.

Қатысушылар биотехнология, қоршаған ортаны бақылау жүйелері және баламалы энергия көздері бағыттарындағы инновациялық жобаларын ұсынды. Байқауға демеушілік көрсеткен YESSET компаниясы олимпиада жеңімпаздары мен байқау жеңімпаздарына медальдар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.

Байқаудың қорытындысы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің командасы жеңіске жетіп, келесі 2026 жылғы байқаудың ұйымдастырушысы ретінде эстафетаны қабылдады.

Халықаралық білім беру корпорациясы студенттердің тек академиялық білім алып қана қоймай, сыни ойлауға, топпен жұмыс істеуге және алған білімдерін практикада қолдануға үйренетін кешенді тәсілді жүйелі түрде дамытып келеді.