2024 жылғы 11 шілдеде Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов Халықаралық білім беру корпорациясына барып, кампуспен және университеттің материалдық-техникалық базасымен танысты.
ХБК Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Әмірланұлы Құсайынов Үкімет басшысына корпорацияның барлық 6 білім беру мекемесін, жаңартылған инфрақұрылымын, академиялық және ғылыми жетістіктерін, әлеуметтік жобаларын таныстырды, сондай-ақ Алматыда алғашқы халықаралық Charterhouse Британдық мектебін ашуды, 2025 жылдың соңына дейін 345 төсек-орынға арналған жаңа жайлы жатақхана салуды және «Academic city» оқытушыларға арналған жатақханалары мен тұрғын кампустары бар ғылыми-білім беру орталығын салуды қоса алғанда, инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту жөніндегі стратегиялық жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, Премьер-Министр сәулет, құрылыс және дизайн бағыттары бойынша болашақ кадрларды даярлау жүргізілетін ғылыми орталықтар мен ғимараттарға сейсмикалық әсерлерді зерттеу бойынша жұмыстар жүргізілетін, қалалық ортаны жақсарту үшін жобалар орындалатын зертханалар қызметімен танысты.
Үкімет басшысы экономиканың нақты секторының өзекті міндеттерін шешуге және оларды практикаға енгізуге бағытталған қолданбалы жобаларды қолдауға жоғары ғылыми-техникалық комиссияның күш-жігерін бағыттаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыт инновациялық идеяларды дамытуға және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін Халықаралық білім беру корпорациясының жаңа стратегиясына сәйкес келеді.