Бакуге жобалық сапар

2023 жылғы 12-17 қараша күні Сәулет докторы, профессор Гүлнар Әбдірасилова және Сәулет кандидаты Лейла Рахымжанова «Жаһандану жағдайында тәуелсіз Қазақстан архитектурасының орнықты даму факторы ретіндегі өңірлік бірегейлік» гранттық жобасы аясында Әзірбайжан астанасы – Баку қаласында болды.

Біздің сәулетшілеріміз түркологиялық зерттеулер саласындағы белгілі ғалымдармен – сәулет докторы Сиявуш Дадашпен, өнертану докторы Эртегин Саламзадемен тілдесіп, Әзірбайжан сәулет-құрылыс университетінің (ӘСҚУ) оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп, Әзірбайжан Ғылым академиясының сәулет және өнер институтында болып, зерттеу тақырыбы бойынша жаңа әдебиеттермен танысты.

Одан басқа, біздің ғалымдар жоба туралы ақпаратты тарату және қазақстандық ғылымның жетістіктерін насихаттау бойынша жұмыс жүргізді. ӘСҚУ  Италия – Әзірбайжан дизайн орталығында өткен кездесуде Лейла Рахымжанова «Алма – Тұран символы» тақырыбында презентация оқыды. ӘСҚУ ректоры Гүлчохра Мамедовамен кездесу барысында профессор Г. Әбдірасилова университет кітапханасына өзі жазған оқу құралдарын, монографияларын, сондай-ақ Қазақстан сәулеті туралы кітаптарын сыйға тартты.

Біздің ғалымдардың шетелдік байланыстар жөніндегі проректор Наргиз Абдуллаевамен, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Нигяр Аслановамен кездесулері жемісті нәтиже берді. Декан, профессор Захида Мамедова бастаған Сәулет факультетінің оқытушыларымен ғылыми-әдістемелік ынтымақтастықтың болашағы туралы пікір алмасты. АЖН кафедрасының меңгерушісі, сәулет докторы Низам Нагиевпен кездесуде сәулеттік білім берудің базалық кезеңінің мәселелері талқыланды.

Ғылыми іссапардың қорытындысы бойынша әзірбайжандық әріптестермен ынтымақтастықтың нақты бағыттары белгіленді.